Skip links

Киік саны қалай реттеледі?

Елімізде, әсіресе, Батыс Қазақстан облысында киік саны тым көбейіп кеткені көптен айтылып келеді. Бір кездері жойылып кете жаздаған жануар енді төрт түлік малмен араласып, түрлі мәселе туындатты. Мал азығы мен су тапшылығы, эпидемия қаупінің күшеюі ақбөкеннің санын шектеу қажеттігін талап етіп тұр.

Су ресурстары және ирригация минис­трлігі еліміздегі киік санын рет­теу үшін биологиялық негіздеме жасау­ды Жәңгір хан атындағы аграр­лық-техникалық университетіне тапсыр­ған екен. Біз университеттің ғылым жө­ніндегі проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәм­шідінге жолығып, ақбөкен саны елімізде қалай реттелетінін сұрадық.

– Қандай да бір тағы жануардың санын қолдан реттеу – әлемде де, елі­мізде де бұрыннан бар нәрсе. Сондық­тан оған үрке қараудың жөні жоқ. Бұл – ең алдымен қауіпсіздік үшін, эпизотологиялық ахуалды сауықтыру үшін қажет дүние. Қазіргі жағдайда ақбөкен шағын аумақта тым көбейіп, үй малымен араласып кеткендіктен түрлі жұқпалы ауру тарауы, тұрғындарға қауіп туындауы әбден мүмкін. Сондықтан біз­дің университет ғалымдары киік са­нын реттеу бойынша негіздемені жа­сап, ұсынып отырмыз, – дейді Әлжан Смайылұлы.

Кейінгі бірнеше жылдан бері киік мәсе­лесімен терең айналысып жүрген жер­гілікті ғалымдар Орал популяция­сындағы кейбір жағдайға алаңдап отыр.

– Дәл қазіргі жағдайда киіктің қоңы қысқа дайындық кондициясына жеткен жоқ. Арық. Қайдан жетсін, өңірде шөп жоқ, мал азығы тапшы. Қазір Орал популяциясында ресми мәлімет бойынша 2 млн ақбөкен бар десек, олар бір күнде 12 мың тонна шөп жейді. Биыл бұл аймақтағы фермерлердің өзі мал санын қысқартуға мәжбүр. Өйткені шөп жоқ, мал азығын ақшаға да таба алмай отырғандары бар. Олар амалсыз малын сояды, сатады, қыстаққа аз мал қалдырады. Ал киік қайда кетеді? Арық-тұрақ жануар алдағы қыста қырылып қалуы әбден мүмкін. Себебі мұндағы киікке қажетті миллиондаған тонна мал азығы жоқ, – дейді Ә.Шәмшідін.

КСРО кезінде жыл сайын киіктің 20 пайызы өндірістік мақсатта ауланып, саны реттеліп отырған. Ал 1974-1976 жыл­дары киік егіс алқаптарын бүлдіре бас­тағанда тіпті 35-39%-ға дейін жойылған. Яғни 1974 жылы – 344 мың, 1975 жылы – 501 мың, 1976 жылы – 321 мың ақбөкен ауланған. Осыдан кейін жануарлардың саны екі есе азайып, 1979 жылы киікті өндірістік мақсатта аулау уақытша тоқтатылыпты. Бірақ 1984 жылдан кейін қайта қолға алынып, 1999 жылға дейін жалғасқан.

Елімізде ақбөкен таралған үш аймақ бар, соған сәйкес Бетпақдала, Үс­тірт және Орал популяциясы деп аталады. Көпжылғы зерттеулер нәтижесіне қарағанда Үстірттегі киік саны 1980 жылдары 265 мыңға дейін жеткен екен. Алайда дәл қазір киіктің бұл тобында 39,7 мыңдай ғана бас бар. Яғни Үстірт популя­циясындағы киіктерге әзірге ешкім тиіс­пейді. Биологиялық реттеу Бет­пақ­дала мен Орал популяциясына ғана қатысты.

Биылғы санақ кезінде Бетпақдала тобында 745,3 мың бас киік есепке алынған. 1970 жылдардың басында ең көбейген кезінде бұл топтағы ақбөкен саны 850-995 мыңға жеткен екен. Бірақ 1980 жылдары жүйелі реттеліп отырған кезеңде Бетпақдала киіктерінің саны 323-480 мың бас аралығында тұрақты болған.

2023 жылғы көктемгі әуе санағының қорытындысы Еділ мен Жайық арасында 1,13 млн бас киік жүргенін көрсеткен. Мамандар кейінгі 100 жылда Ақжайық өңірінде ақбөкен саны мұншалық көбеймегенін айтады. 1980 жылдары Орал популяциясындағы киік саны 140-265 мың аралығында болған. Биологиялық негіздемеге сай жылына 20%-ын жойып отырғанның өзінде Батыс Қазақстан облысындағы киік санын қалыпты деңгейге жеткізу үшін бірнеше жыл қажет.

Сонымен, киік саны қалай реттелмек? Әуел бастан киікті өндірістік мақсатта аулаудың екі тәсілі бар. Бірі – мыл­тықпен ату, екіншісі – кораль торла­рымен қамап ұстау. Ату түнде жүргі­зіледі, күшті жарық прожекторлар­мен жарақтандырылған көліктер киік шо­ғырланған жерге жақындап, жануардың көзін шағылыстырып, жарық түсіреді. Сол кезде жартылай автоматты қарулы аңшылар үйірге жақындап барып, К-8,5 картеч оқпен ата бастайды. Осы әдіспен 3-4 адамдық бригада бір түнде 100-150 бас киікті жоя алады екен.

– Дегенмен біздің ғалымдар киікті кораль торымен аулауды жөн көріп отыр. Бұл үшін 3 мотоциклші киік үйірін қақпайлап айдап, алдын ала дайындалған тор-аранға қамайды. Сол жерде жануарларды 4-5 сағат тыныштандырады. Әйтпесе жүгіріп келген аңның еті қарайып кетеді. Сосын барып торды бірте-бірте тарылтып, шетінен ұстап бауыздай береді. Бұл – қуып жү­ріп атқанға қарағанда тиімдірек тәсіл. Өйткені мылтықпен атқанда 20-30 па­йызға дейін киік жараланып, қашып кетеді екен. Ал жаралы ақбөкен бәрібір бір жерге барып арам өледі. Бұл – дұрыс емес, – дейді Әлжан Смайылұлы.

Дәл осы кораль әдісі 1986-1988 жыл­­дары Батыс Қазақстан облысында қол­данылған. Бауыздалған киікті қасап­шылар бірден ішін жарып, өкпе-жүрегін, бауыры мен бүйрегін қалдырып, ішек-қарнын алып тастайды. Бауырдан өтті айы­рады. Сол күйде киік тушасы 5-6 сағат салқындап жатады. Одан кейін арнайы жүк көліктеріне тиеліп, мал сою бекетіне жөнелтіледі. Ет комбинатына жеткен соң киік еті ветеринарлық тексеруден өтеді. Одан кейін мүйізі кесіліп, бөлек алынады, терісі сыпырылып, тұз­далады. Ал еті арзан бағамен саудаға шығарылады, оны ыстауға, шұжыққа пайдалануға да болады.

– Әзірге киік етін қалбырға салып бұқ­­тыратын технология жасалған жоқ. Бірақ біздің университет ғалымдары осы жо­баға кірісіп кетті, – дейді Ә.Шәмшідін.

Киік санын биологиялық реттеу ісі «Охотзоопром» мекемесіне жүктелуі мүм­кін. Негіздемеге қарағанда бұл жұмыстың бәрі қатаң бақылаумен, тиісті хаттама арқылы жасалуы жоспарланған.

Жәңгір хан университетінің ғалым­дары бірнеше жылдан бері ғылыми зерттеу мақсатында киік лағын тірідей ұстап, арнайы тәлімбақта өсірумен айналысып жатқанынан да оқырман хабардар шығар. Қазір Ұлытау облысындағы арнайы қорықта, 700 га аумақтағы қор­шауда Бетпақдала мен Орал популя­циясынан ұсталған киік лақтары ба­ғылып жатыр. «Біздің мақсатымыз – Бетпақдала мен Орал популяциясының киік­терін табиғи емес жағдайда шағы­лыстырып, қанын жаңғырту», дейді Әлжан Смайылұлы.

Табиғи жағдайда еліміздегі үш популяция бір-бірімен араласпайды. 1960 жылдары совет ғалымдары әр топтағы киікті араластырып, көшірмек болған, ештеңе шықпапты. Ал 2010 жылдары саны күрт азайып барып көбейген қазіргі киіктің саны артқанымен, сапасы, яғни тұқымы нашарлағанын ғалымдар байқап отыр.

– Биыл біз Орал популяциясынан 200 бас лақ ұстадық. Байқағанымыз, лақтар өте нәзік, денсаулығы нашар. Әдетте дүниеге келген соң 1,5-2 сағаттан кейін лақ жүгіріп кетеді. Ұстатпайды. Ал біз көк­темде 2-3 күндік лақтарды ұстап алып жүрдік. Салмағы да қалыпты жағдайдан төмен болып шықты. Бұл – жақсы нышан емес. Біздің пайымдауымызша, бұл – инбредтік депрессия, яғни шағын ғана аумақта бір ғана по­пуляцияның есепсіз көбеюі себе­бінен болған жағдай. Киік шашырап жүрсе, алыс туыстастар шағылысса, мұн­дай болмас еді. Инбредтік депрессия жақын туыстастардың бір-бірімен жа­қындасуынан болады. Біз қазір бұл бағытты да зерттеп жатырмыз. Вадим Улья­нов деген жас ғалымымыз Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып, молекулярлық генетикалық зерттеу­лер арқылы киіктердің ДНК анализін жасауға кірісті, – дейді ғалым.

P.S. Алда қоян жылының қақаған қысы келе жатыр. «Бұл ен далада ер­кін жортқан ақбөкен үшін де үлкен сынақ», дейді ғалымдар. Жаймашуақ жаз­дың күні азыққа жарымай, қоң жинай алмаған жануар жұтқа ұшырап, қы­рылып қалмаса игі еді. Мамандардың уайымы – осы.

Источник

Оставить комментарий